Қазақстанда гигабайт құны әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе арзан — Kazface.kz
Жаңалықтар

Қазақстанда гигабайт құны әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе арзан

Қазақстанда гигабайт құны әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе арзан

Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі бойынша әлем елдерінің алдыңғы қатарында, деп хабарлайды KazFace.kz

Finprom.kz сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, елімізде бір гигабайт интернеттің орташа бағасы шамамен 30 центті құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен төрт еседен астам төмен.

Жылдам мобильді интернеті бар елдер арасында Қазақстан баға қолжетімділігі бойынша жетінші орынға ие болды. Елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 93 Мбитті құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Канада, Италия және Испаниядан алда.

Сонымен қатар қазақстандықтар интернетті әлемдік орташа деңгейден көбірек тұтынады. Халықаралық электр байланысы одағының мәліметінше, өткен жылы бір мобильді абонентке шаққандағы трафик көлемі 283 ГБ болған. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 184 ГБ.

Интернетті тұтынудың артуы байланыс инфрақұрылымына түсетін жүктемені де көбейтуде. Осыған байланысты операторлар желілерді жаңғыртуға және жаңа технологияларды дамытуға қомақты қаражат бағыттап келеді. Мәселен, соңғы үш жылда ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтаған.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2020 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін мобильді байланыс тарифтері 58,4%-ға өскен. Бұл кезеңдегі жалпы инфляция деңгейі 86,8%-ды құрады.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта 5G технологиясын дамыту, желілердің өткізу қабілетін арттыру және интернет тұтынудың өсуі қосымша инвестицияларды қажет етеді. Бұл ретте тарифтердің қолжетімділігі мен байланыс сапасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.