Қазақстан әлемнің үздік 50 елінің қатарына енді
Қазақстан Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде өмір сүру және кәсіпкерлік мүмкіндіктері бойынша 44-орынға ие болды. Ал жалпы рейтингте 100 елдің ішінде 53-орынға тұрақтады, деп хабарлайды KazFace.kz
Зерттеуді америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп жүргізген. Бағалау сегіз бағыт пен 100 көрсеткіш негізінде жүзеге асқан.
Қазақстан «Мүмкіндіктер» санатында 53,9 балл жинады. Әсіресе әлеуметтік қорғау жүйесі 94,1 балмен, жеке табыс салығы 80,2 балмен, ал білім жетістіктері 71,8 балмен бағаланған.
Денсаулық сақтау саласында Қазақстан 64,2 балмен 50-орынға, инфрақұрылым бойынша 64 балмен 54-орынға жайғасты.
Жалпы рейтингте Қазақстан 53,8 балл жинап, Орталық Азиядағы көршісі Өзбекстаннан озып тұр. Өзбекстан 46,8 балмен 76-орынды иеленді.
Айта кетейік, биыл рейтингтің бағалау әдістемесі өзгертіліп, 30-дан астам халықаралық ұйымның статистикалық деректері пайдаланылған. Олардың қатарында Дүниежүзілік банк, БҰҰ құрылымдары және Халықаралық еңбек ұйымы бар.