Алматыда жол ережесін елемеген әйел жауапқа тартылды
Алматы қаласында әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін елемейтінін көрсетіп, заң алдында жауап бермейтінін мәлімдеген әйел жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KazFace.kz
Бұған дейін ол әлеуметтік желіде көлік тізгінінде қауіпсіздік белдігін тақпай отырған видеосын жариялаған. Кадрларда әйел жол қозғалысы талаптарын ашық түрде елемейтінін көрсетіп, өзіне ешқандай шара қолданылмайтынын айтқан.
Алайда полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталды. Белгілі болғандай, әйел бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік жүргізген.
Осыған байланысты оған қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығынан айырылғаннан кейін рөлге отыру, қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері қаралуда.
Жиналған материалдар сотқа жолданды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар көлікті жүргізу құқығынан айырылған адамға басқаруға берген автокөлік иесі де жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәлімдеуінше, заң алдында барлығы тең. Ешқандай байланыс, таныстық немесе өзіне деген сенімділік заң талаптарын бұзуға негіз бола алмайды.
Заңды елемеу мен жауапсыздық ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі талаптары баршаға ортақ.