Астанада сол жағалаудағы жол қиылысы 25 күнге жабылады
5 қарашадан бастап Астананың сол жағалауында көлік қозғалысына жаңа шектеу енгізіледі. Хусейн бен Талал көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында автокөліктердің жүруіне 30 қарашаға дейін тыйым салынады, деп хабарлайды KazFace.kz
Елорда әкімдігінің мәліметінше, шектеу Тәуелсіздік (Әл-Фараби) даңғылын Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейін ұзарту жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр. Жабылған жол қиылысында жол төсемін төсеуді қоса алғанда, бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жолдағы өзгерістерді ескеру сұралады.
Жол не үшін салынып жатыр?
Әл-Фараби даңғылының жалғасын салу жұмыстары елорданың сол жағалауындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бұған дейін Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жаңа жол учаскесі Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтып, Хусейн бен Талал көшесі маңындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік беретінін хабарлаған.
Жоба аясында жол салумен қатар инженерлік желілер де жүргізілуде. Атап айтқанда, нөсер және тұрмыстық кәріз жүйелері, жылу магистралі, байланыс желілері мен кабельдік арналар салынып жатыр. Сонымен бірге кәріз сорғы станциясын салу көзделген.
Қазан айында әкімдік құрылыс жүргізіліп жатқан жолдың бүкіл ұзындығы бойынша қараша айының соңына дейін бір бағыттағы қозғалысты қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.
Елордада тағы қандай жолдар жабық?
Қалада басқа да жол-құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімдік бұған дейін жариялаған мәліметтерге сәйкес, кейбір учаскелердегі шектеулер желтоқсан айына дейін, ал жекелеген жолдарда 2026 жылдың соңына дейін сақталады.
Атап айтқанда, Алматы көшесінде сол жағалаудағы көлік тоннелінің құрылысына байланысты екі учаскеде қозғалыс 2026 жылдың соңына дейін толық жабық болады:
* Ақмешіт көшесінен Сауран көшесіне дейін;
* Түркістан көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына дейін.
Жүргізушілерге сапар алдында жол қозғалысының уақытша сызбасымен танысып, балама бағыттарды таңдаған жөн.