Жол апатына түскен оқушы "Ақылды сөмке" жасап шықты
Түркістандық оқушы Айтуар Советбек пультпен басқарылатын "Ақылды сөмке" жасап шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz
"Төрткүл" жалпы орта мектебінде оқитын Айтуар Советбек өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа қолданып, көпшілікті таңқалдырған. Айтуар бұл ойды мұқтаждықтан жүзеге асырып отыр.
Осыдан 1 жыл бұрын жол апатына түсіп, оған күрделі ота жасалған. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тиым салып, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтқан. Сабақтан қалғысы келмеген озат оқушы тығырықтан шығар жолды іздеді. Осылайша өзі "Ақылды сөмке" ойлап тапты.
-Үйде жатып оқу қиын, қатарынан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі, -дейді оқушы Айтуар Советбек.
Қазір түркістандық оқушы "Ақылды сөмкені" одан әрі дамыту үстінде. Сондай-ақ, ол сөмкенің сатыдан мініп-түсу механизимдерін қоспақшы. Алдағы уақытта ойлап таптқан сөмкесін сатылымға шығаршысы келеді.