Жетісуде экс-полицейге қатысты сот үкімі шықты

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Жетісу облысында Талдықорған қаласының бұрынғы полиция басшысы Марат Күштібаевқа қатысты іс бойынша үкім шығарылды. Бұл іске қатысы бар үш азамат сотталды, деп хабарлайды Kazface.kz.
Сотталғандар қатарында 28 жастағы қыз, оның жігіті және бұрынғы сот хатшысы бар. Тергеу барысында анықталғандай, экс-полицейдің зорлық әрекеті бойынша қозғалған іс кезінде оның жұбайы жәбірленушіге және оның танысына ақшалай сыйақы ұсынып, куәгерлік жауаптарын өзгертуін сұраған.
Жалпы сомасы 40 миллион теңге болатын ақша берілгенімен, жәбірленуші бастапқы берген жауабынан бас тартпады. Нәтижесінде, бұл үш азамат ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, 2023 жылы қарашада Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев қыз зорлады деген күдікпен ұсталған болатын. Өткен жылы Талдықорғанда қыз зорлады деген күдікке ілінген полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевқа қатысты сот отырысы барысында оның денсаулығы сыр беріп, ауруханаға алып кеткен еді.