Жаңа қызмет мамандандырылған ХҚКО кезек тудырды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстанның барлық өңіріндегі мамандандырылған ХҚКО-ларда 5 қаңтар күні жаңа қызметтің іске қосылуына байланысты кезек көбейді, деп хабарлайды KazFace.kz.
«Бірінші арна Еуразияның» мәліметінше, енді автокөлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірін делдалсыз, өз қалауы бойынша таңдай алады. Жаңа қызмет жүргізушілерге әріптер мен сандардың қажетті комбинациясын ресми түрде бекітуге мүмкіндік береді.
Қарапайым мемлекеттік нөмірлердің құны таңдалған символдар жиынтығына байланысты 10-15 АЕК аралығында, яғни шамамен 43–64 мың теңгені құрайды.
Ал сұранысы жоғары VIP-нөмірлер мен «әдемі» сандар әлдеқайда қымбат. Олардың бағасы 57 АЕК-тен басталып, 285 АЕК-ке дейін жетеді.
Жаңа қызметтің енгізілуі автокөлік иелері арасында үлкен қызығушылық тудырып, елдің әр өңіріндегі спецЦОН-дарда келушілер санының артуына себеп болған. Бұл жаңашылдық жеке нөмірді заңды түрде бекітуге мүмкіндік беріп, бейресми делдалдардың қызметіне жүгіну қажеттілігін жояды.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда VIP-нөмірлердің бағасы 10 пайызға қымбаттады. Өзекті тарифтермен арнайы сілтеме арқылы танысуға болады.