Жеңілдетілген автонесие порталы істен шықты
4 пайыздық автонесие өтінімін қабылдауға арналған autonesie.kz сайтына 18 секундта 761 өтініш берілген. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қорына сілтеме жасап, KazFace.kz хабарлайды.
"Платформа іске қосылған алғашқы 18 секундта 761 қазақстандық өз өтініштерін тіркеді. Бірінші минутта сайтқа кірушілер саны 125 000 адамды құрады", - делінген хабарламада.
Ал, өтініш берушілер портал ашылған алғашқы секундтан көлік өндірушісін таңдай алмағанын айтады.
- Мен сағат 10 бола сала порталға тіркеліп бастадым. Өтініш толтыру барысында көлік өндірушісін таңдай алмай есім шықты. Барлығын толтырып біткенімше портал істемей қалды, - дейді Мирас Құмарғалиев есімді пайдаланушы.
Қор мәліметінше, лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталып, "өтініш беру" функциясы істен шыққан.
"Өтініш беру процесінде кейбір пайдаланушылар көлік өндірушісін таңдай алмады, бұл өтінім лимитіне жетуге байланысты болған", - деп толықтырды.
Еске салайық, келесі өтінімдерді қабылдау қазақстандықтарға наурызда қолжетімді болады.