Жеңілдетілген автокредит тәртібі бекітілді: 10 млн теңгеден жоғары көлікті алуға бола ма?
Қазақстанда жеңілдетілген автокредит тәртібі бекітілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, көліктің бағасы кредит сомасынан жоғары болса, үстінен ақша қосуға болады. Нақты шектеу жоқ.
Автонесиеге келетін болсақ, бүгін отырыста шешім қабылданды. Бұрын айтқанымдай, осы айдың аяғында жұмысты бастаймыз. 10 миллион, 7 жылға 4 процентпен беріледі. 10 миллионнан жоғары соманы қоса беруге болады. Бірақ оны өз қалтаңыздан төлейсіз, - деді министр.
Автокредит рәсімдеу келесі шарттар бойынша жүзеге асырылады:
- сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз
- несие сомасы: 10 миллион теңгеден аспайды
- қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан аспайды
- бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап
- көлік құны: 15 миллион теңгеден аспайды.
Бұл туралы Қайырбек Өскенбаев 5 сәуірде өткен брифинг барысында да айтқан болатын. Яғни, жаңа автокредит бағдарламасы бойынша 15 миллион теңгені көлігін алуға болады. Бірақ, 10 млн теңгеден асатын соманы өз қалтаңыздан төлеуіңіз керек.
Еске салайық, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы сәуірден бастап жұмыс істейтіні айтылды. Бағдарламаға утилизация алымынан түскен 100 миллиард теңге бөлінеді.