Билік

Жемқорлардың 120 млрд. теңгесі "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына" түсті

Жемқорлардың 120 млрд. теңгесі "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына" түсті

Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайтында.

Еске салайық, Президент Тоқаев былтыр 1 желтоқсанда жариялаған Жолдауында: "Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс", - деп атап өткен болатын.

Министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына" жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта 120 миллиард теңгеге жуық қаражат бар.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның жүзеге асырылуы туралы да айтқан. 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министріне бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берген.