Зелимхан Насыров – Қазақстан жеңіл атлетикасының жарқын өкілі
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионы және ұлттық құраманың мүшесі Зелимхан Насыров – халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген талантты спортшылардың бірі. Ол спорттағы жолының басталуы, мотивация көздері мен алдағы жоспарлары туралы KazFace.kz тілшісіне айтып берді.
Зелимханның жеңіл атлетикаға келуі кездейсоқ болған. Бала кезінде футболға әуес болғанымен, жүгіріс кезіндегі жылдамдығы оның болашағын басқа бағытқа бұрды.
«Футболда әрдайым үздік болмасам да, жүгірісте алдыма жан салмайтынмын. Сол кезде өз жолымды тапқанымды түсіндім», – дейді спортшы.
Жаттығуға деген табандылығы мен табиғи дарынының арқасында ол қысқа мерзім ішінде жоғары нәтижелер көрсете бастады. Спортшының жетістігіне Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Василий Чуйко үлкен үлес қосқан. Қазір де ол сол ұстазының жетекшілігімен дайындалады.
«Жаттықтырушым әркез сенім артып, дұрыс бағыт көрсетіп отырды. Оның қолдауы мен еңбегі – менің жетістігімнің негізі, – дейді Зелимхан ризашылықпен.
Оның алғашқы ірі халықаралық жарысы Иранның Тегеран қаласында өтті. Осы турнирде үздік алтылықтың қатарына еніп, тәжірибе мен өзіне деген сенім жинаған. Спортшының айтуынша, жеңіл атлетика тек физикалық дайындық емес, сонымен қатар рухани беріктік пен тәртіптілікті қажет етеді.
«Талант баршада кездеседі, бірақ нәтиже беретін – еңбек пен тәртіп. Күн сайын өз ісіңе тұрақты түрде уақыт бөлсең, жетістік міндетті түрде келеді», – дейді ол.
Қазір Зелимхан 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына қызу дайындық үстінде. Күн сайын екі рет жаттығу жасап, техника, төзімділік және жылдамдық бағыттарына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ, психологиялық дайындықты да маңызды фактор деп санайды:
«Шешуші сәтте бәрі сенің сенімің мен көңіл күйіңе байланысты», – дейді спортшы.
Ол оқу мен спортты қатар алып жүрудің қиын болғанын жасырмайды. Дегенмен, табандылық пен дұрыс жоспарлау оған өмір мен спорт арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Алдағы мақсаттарының бірі – халықаралық деңгейдегі коммерциялық жарыстарға қатысып, тәжірибе арттыру және Қазақстанның атын әлем аренасында лайықты дәрежеде таныту.
Зелимхан Насыров – өз еңбегімен жетістікке жеткен жас спортшының жарқын үлгісі. Ол тек жеңістерімен ғана емес, еңбекқорлығымен де жастарға шабыт беріп, Қазақстанның спорттық беделін арттырып келеді.