Желіде жалған ақпарат таратқандар енді айыппұл төлейді
Мемлекет басшысы онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz.
"Президент" Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Заң онлайн платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Атап айтқанда, желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Интернет-платформалардың қарапайым пайдаланушылары үшін айыппұл 20 АЕК (2023 жылы 69 мың теңге), ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК (2023 жылы 138 мың теңге) болады.
Сондай-ақ, онлайн сайттардың басшылары жалған ақпаратпен және салық төлеуден жалтарумен күресу мақсатында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндетті болады.
Айта кетейік, интернет-сайттарды пайдаланушылар өз парақшаларында орналастырылған интернет-жарнамаларды белгілеп, жалпы өз қызметін кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізуге міндетті болады.