Жаттығуларға бөлінген ақша тиісті жеріне жұмсалмады
Астана қаласы спортты дамыту дирекциясының басшысы ақша жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KazFace.kz
Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ҚМА елордалық департаменті тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған. Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған, - деді ҚР ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Атап өту керек, заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңге.
ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны белгілі болды.