Жаңаөзенде жарылыс орын алды
Жаңаөзенде 17 сәуір күні таңғы 5 шамасында көпқабатты үйде жарылыс болды, деп хабарлайды KazFace.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Алдын ала болжам бойынша 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылып, салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған. Бірақ оқиға орнында өрт орын алған жоқ.
"Қазіргі жағдай бойынша құтқарушылар үйінділердің астынан 4 аман қалған адам мен 4 адамның денесін алып шықты. Құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылды", - делінген хабарламада.
Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық техника мен 350-ге жуық адам жұмылдырылған. Оның ішінде құтқарушылар, кинологиялық есептоп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер бар. Әзірге болған оқиғаның себеп-салдары анықталуда.
Айта кету керек, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Жаңаөзендегі жарылыс салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарды жаңа пәтермен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай салдарынан қайтыс болған тұрғынның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және зардап шеккен жандардың тезірек сауығып кетуін тілейді. Тұрғын үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер беріледі, зардап шеккендерге орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.