Жаңалықтар

Заманбек Нұрқаділовтің ұлы әкесі туралы 17 жыл сақтаған шындықты айтты

Заманбек Нұрқаділовтің ұлы әкесі туралы 17 жыл сақтаған шындықты айтты

2005 жылы Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бас прокуратураға өтініш тапсырып, әкесінің өлімін қайта тексеруді талап еткен.

Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында әкесі туралы ашық сұхбат берді.

Қайрат Заманбекұлы осы жылдар ішінде шындықты айтуға қанша рет оқталғанымен, мүмкіндігі болмағанын жеткізді. Айтуынша, түсіне кіріп тұратын әкесі "ол уақыттың келетінін" ескерткен. "Бұл қасіретті жүрегімде ұстап жүргеніме 17 жыл болды" деген Қайрат Заманбекұлы шындықтың беті ашылатын кез жетті дейді.

Ол 2005 жылы әкесі Заманбек Нұрқаділов қайтыс болған соң, "өзін-өзі өлтірді" деп жазылған қорытындымен келісуге мәжбүр болғанын, басқа амалы қалмағанын жеткізді. 

"Осыдан бір апта бұрын Бас прокуратураға хат жаздым. Әкемнің ісін қайта қарап, суицидтен - өлтірілді дегенге ауыстырсын деген өтініш білдірдім. Осыны халыққа айтайын деп едім", - дейді Қайрат Заманбекұлы. 

"Менің әкем – Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовті белгісіз біреулер 2005 жылы үйінің маңында атып кеткен. Әкемді өлтіріп кеткені анық болса да, өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның жүрегіне екі рет, басына бір рет оқ атылғаны туралы бұлтартпас айғақтардың өзі оның өзіне қол жұмсамағанын техникалық тұрғыда дәлелдейді" деп жазылған Қайрат Нұрқаділовтің бас прокуратураға жолдаған өтінішінде. Оның арызынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.

Ол Бас прокуратура өтінішті кері қайтарған жағдайда, қазақстандықтардан көмек сұрайтынын айтты. 

"Ел болып, бірігіп Тоқаевқа шықсақ", - деген өтінішін білдірді. 

Оның айтуынша, енді әкесі Заманбек Нұрқаділов туралы бар шындықты айтудың сәті келген. Шындықты айту менің парызым деп санайды.

"Әкем саясаттың құрбаны болды. Екі рет жүрегінен, бір рет маңдайынан атып, өз-өзіне қол жұмсады дегенге келіспеймін. Қайтыс болғанда департаменттегілер мені жәбірленуші болып, барлық сараптама құжаттарға сен қол қоясың деді. Бір жұма өткеннен кейін пальто киген ұзын бойлы органдағы екі жігіт келді. Олар «өз-өзін өлтірді болады, суицид деп жазамыз, сен соған келісесің" деді. Мен келіспеймін десем, олар "асханада ұшып жүрген шыбыннан гөрі сені өлтіру оңай, сен бізге проблема емессің» деді. "Сенің балаларың әлі кішкентай, оларды ертең кім асырайды?" деп айтты. Сосын олар ойлануға бір күн мұрсат берді. Бір күннен кейін бөлімшеге барып, құжаттарына келісемін деп қол қойдым", – деді Қайрат Нұрқаділов.