Қытайлықтар Қазақстаннан заңсыз бала алмақшы болды
Алматы әуежайында жаңа туған сәбилерді шекарадан шығармақ болған Қытай азаматтары ұсталды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оқиға 11 қарашада тіркелген. Қытайдың екі отбасылық жұбы суррогат аналардан туған сәбилермен Алматы әуежайынан ұшып шығуға тырысқан. Олардың қолында балаларға қатысты құжаттар пакеті болғанымен, Қазақстаннан шығуға рұқсат берілмеді.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растады.
«Аталған дерек бойынша Алматы қаласы ДП Тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 1-бөлігі – “Кәмелетке толмағандарды саудалау” бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Анықтама үшін: биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді заңсыз асырап алу және сату фактілері бойынша 19 қылмыстық іс тіркелген.