Вейп саудасына тыйым салынатын болды
Қазақстанда вейп сатуға және шегуге тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында депутат Аманжан Жамалов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстанда вейптерді сатуға және пайдалануға тыйым салатын түзетулер енгізу туралы шешім қабылдадық. Темекі қоспасы, сұйықтық, газ – оларды Қазақстанда сатуға және пайдалануға толық тыйым салынады», - деді депутат.
Оның сөзінше, Қазақстанда қазір қыздырылатын темекіге (Айкос, Гло) ешқандай салық салынбайды.
«Ағзаға әсері, никотин мөлшері және басқа параметрлер бойынша бұл ДДСҰ тұжырымына сәйкес, қарапайым темекімен бірдей зиянды. Бүгін депутаттар бұл стиктерге акциз салу шешімін қабылдады. Оларға кәдімгі темекіге салынатын акциздердің 70%-ы мөлшерінде акциз енгізу ұйғарылды», - деді Мәжіліс депутаты
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау туралы кодекске сұйық және газ түріндегі темекі қоспалары бар электрондық құрылғылар деп аталатын вейптарды сатуға және пайдалануға тыйым салу жөнінде түзету енгізілген.
«Түрлі иісті темекілерді Қазақстанда сатуға және тұтынуға толық тыйым салынады. Сондықтан бұл ұғымдар Салық кодексінен алынып тасталды», - деді А. Жамалов.