Жаңалықтар

Утильалым мөлшерлемесі жарияланды

Утильалым мөлшерлемесі жарияланды

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр кәдеге жарату төлемдерінің жаңа мөлшерлемесін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ол бұл туралы "Хабар 24" телеарнасында тікелей эфирде берген сұхбат барысында айтты.

Көлік және ауыл шаруашылығы техникасына утильалым мөлшері 50%-ға дейін төмендейді, - деді Скляр.

Ол сонымен қатар, “ӨКМ Операторында” жиналған қаражатқа қатысты 220 млрд теңге біздің азаматтарымыздың игілігіне жұмсалуы керек екенін жеткізді.

"Жиналған 200 миллиард теңгенің 100 миллиард теңгесі несиелендіруге бағытталады. Несие мерзімі – 7 жыл. Алғашқы төлем - 0%. Бұл бағдарламаны 70 мыңға жуық қазақстандық пайдалана алады", - деді ол.

Бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын қайта өңдеу төлемінің жаңа мөлшерлемесі 23 ақпанда жарияланатынын мәлімдеген еді.

Еске салайық, 19 қаңтарда Үкімет "ӨКМ Операторы" ЖШС-ға қатысты қаулы қабылдады, онда кәдеге жарату төлемі есебінен құрылған активтерді мемлекет меншігіне алу туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяда Үкіметті кеңейтілген отырысында утильалым төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірген болатын.

«Қазақстанда халықаралық жүк тасымалына 7,5 мың тіркемелі көліктер жұмыс істейді. Ресейдің халықаралық тасымалында 34 мың, Белаурь елінде 15 мың, Өзбекстанда 8 мың көлік қатысуда. Отандық кәсіпорындар нарықта орнын жоғалтуда. Көршілерімізден ұтылып жатырмыз деген сөз. 2017 жылдан бері отандық тасымалдаушылардың халықаралық тасымал нарығындағы үлесі 1,5 еседен астам қысқарған. Сондықтан, Үкіметке бұл саладағы саясатты жетілдіру, оның ішінде утильалым бойынша ұсыныс дайындау керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.