"Унитаздың суын ішкізді". Балалар үйінің тәрбиеленушісі халықтан көмек сұрады!
Әлеуметтік желіде Атыраудағы "Шаңырақ" балалар үйінің тәрбиеленушісінің видеосы тарады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бейнежазбада Нұрдәулет есімді балалар үйінің тәрбиеленушісі халықтан көмек сұрады. Нұрдәулет балаларды ұратынын, унитаздың суын ішкізетінін жеткізді.
Мына видеоны сіздер көріп отырсаңыздар, мен Шаңырақта әділдік орнағанын қалаймын. Әр баланың қиналғанын қаламаймын. Мен көрген қорлықты олар көргенін қаламаймын. Мысалы, мені ұрып-соғып, унитаздың суын ішкізді. Ертең өсіп келе жатқан балаларға қандай тәрбие, өнеге болады. Маған сол қызық. Ана жақта бүкіл бала қорыққаннан үндей алмай отыр. Директор қорқытып қойған. Сол үшін сіздерден көмек сұраймын, - деді видеода.
Орын алған жайтқа байланысты журналист Армангүл Тоқтамұрат өзінің Facebook парақшасында пікір қалдырды. Сондай-ақ мұндай іс аталған балалар үйінде бірінші рет емес екенін атап өтті.
Міне, тағы дәл осы “Шаңырақтың” баласы шырылдап отыр. Анық-қанығын құзырлы органдар анықтай жатар, егер баланың айтқаны рас болса, жауаптылар жазаланады деп сенейік! Айтпақшы, қазір депутаттар жер-жерді аралап жүр. Осы өңірден сайланған депутаттар ескерсеңіздер!
Бір айтпағым, елдегі балалар үйі біреудің жеке үйі емес. Мемлекеттік мекеме. Яғни, директордың, тәрбиешілердің өз міндеттері бар. Сол үшін айлық алады мемлекеттен, - деп жазды журналист.