Жаңалықтар

Ulysmedia.kz - ке кім тіс қайрап жүр?

Ulysmedia.kz - ке кім тіс қайрап жүр?

Бүгін Ulysmedia.kz сайты бұғатталып, ғаламтор бетіне редакторы және оның жақындарының жеке бас мәліметтері тарады.

Бұл туралы сайт редакторы Самал Ибраева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады. Оның айтуынша сайтқа шабуыл жарты жылдан бері жасалып келе жатқан. 

- Ulysmedia.kz сайтын жарты жыл бойы қорқытып, DDOS-шабуыл түріндегі шағын лас трюктарды орнатқандар бүгін тісін ғана емес, нағыз азу тістерін көрсетті. Менің деректерім хакерлердің қолына қалай түсті? - дейді Самал Ибраева.

Сайт ұжымы кімнің жолын кесті, кімге жақпай қалғандарын түсінбейді. Жарияланған материалдарда сайтты бұғаттайтындай заң бұзылмаған. Десе де, сайт редакторының пайымдауынша бұл оқиғаға құзіретті органдардың қатысы бар. 

- Біз сайтқа шабуыл жасалынып жатқаны туралы ҰҚК-не бірнеше рет арыздансақ та, олар еш әрекет жасамай, үндемей отырды. Тіпті, ҚР азаматтарының жеке мәліметтері жалпақ жұртқа жарияланып жатқанда, біз қандай қауіпсіздік туралы айта аламыз?! Елімізде ұлыс, орда, елмедиа сияқты ақпараттық порталдарға бірінен соң біріне қысым көрсетілуде. Бұл жайдан жай емес екені анық, - деп күйінеді редактор.

Әзірге Ulysmedia.kz әкімшілігі сайтты қайтарып алуға бар күштерін салып жатыр. Желі қолданушылары болса, Самал Ибраеваның жазбасынына қолдау білдіруде.