"Уланған балаларды тамақтандырған жеке кәсіпкерді жазалай алмаймыз": Роза Аханова
Шымкенттегі жаппай балалардың улануына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Роза Аханова мән-жайды түсіндіріп, БАҚ-қа сұхбат берді, деп хабарлайды Elitar.kz-ке сілтеме жасап KazFace.kz.
Оның айтуынша осы атаулы ауқымды іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен келісілуі керек. Бірақ олимпиада ұйымдастырушылары құзіретті органға ешқандай ақпарат бермеген.
- Ұйымдастырушылар бізбен өтетін олимпиаданы алдын ала келіскен жағдайда, біз балалар ауырмайтындай қажетті шаралар қолданар едік. Тіпті, келісуді қойып, олимпиада өтетінінен хабарсыз болдық, - дейді Роза Аханова.
Ал балалардың жаппай улану себебін анықтау барысында тамақ дайындалған бас корпус асханасынан ішек таяқшалары шыққан. "Дарын" орталығымен келісімшартқа отырған жеке кәсіпкер бас корпустан тамақты көлікпен 5-ші жатақханаға балаларға тасыған. Бірақ нақты тамақтан уланды деп әзірге айталмаймыз деді департамент басшысы.
- Балалар университет қабырғасында тамақтанғаннан уланды деп нақты айталмаймыз. Әлі толық анализдердің қорытындысы шықпады. Тамақтың сапасыздығы шыққан күннің өзінде біз жеке кәсіпкерді жазалай алмаймыз. Бұрын ауруханадан хабар түсе сала, айыппұл салынып, шара қолданған болса, қазір жаңа кәсіпкерлік кодекс бойынша олай істей алмаймыз, - деді.
Яғни, балаларды тамақтандырған жеке кәсіпкердің кінәсі дәлелденген күннің өзінде заң жүзінде жауап бермейді.
Сонымен қоса, әлеуметтік желіде жатақхана жағдайы нашар, ұсақ жәндіктер қаптаған лас деген видеоны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті фейк ақпарат деп жоққа шығарды. Олар М.Әуезов атындағы университеттің жатақханасына барып тексеру өткізгенде видеодағыдан бөлек төсек-орын болған.
Айта кету керек, орын алған жағдайдан кейін олимпиада қатысушыларын мектеп асханасында тамақтандыра бастаған. Аймақта жоспарланған келесі олимпиада болса, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұсынысымен әр облыста өткізілетін болды.