Үкімет басшысы жаңа үш облыс құрудың қандай пайдасы барын айтты
Премьер-министр Ә.Смайылов Мемлекет басшысының елімізді қарқынды түрде дамыту, экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөнінде аса ауқымды міндеттер қоюына байланысты бірқатар мәселеге назар аударды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банкке тапсырма берді.
"Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Дағдарысқа қарсы шаралар экономиканы қолдауға, инфляцияны бақылауды күшейтуге, валюта нарығын тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы жоспарды 25 наурызға дейін енгізуді тапсырамын", - деді ол.
"Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі - аймақтарды дамыту ісіне тың серпін беру. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті тұрғындардың проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді. Осы ретте, Үкіметтің алдында Мемлекет басшысының тапсырмасын нәтижелі іске асыру міндеті тұр. Бұл үшін өңірлерді қаржыландыру тәртібін қайта қарап, бюджетаралық қатынастардың оңтайлы моделін әзірлеу қажет. Сондай-ақ, өңірлер үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету мәселесін пысықтау керек. Жаңа облыстарды құру бойынша жұмыстарды жедел ұйымдастыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бір аптада тиісті жол картасын енгізуді тапсырамын", - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, азық-түлік мәселесі туралы пікір білдірді.
"Қазіргі күрделі кезеңде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Мемлекет басшысы егіс науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жөніндегі жедел штабта шаруаларды тұқыммен, тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен, техникамен және сумен қамтамасыз етуге күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін форвардтық келісім-шарттарды уақытылы бекіту бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді тапсырамын. Барлық қабылданған шара бағаның өсуін тежеуге оң ықпал етуі тиіс. Халық бізден осыны күтіп отыр. Сонымен қатар, қазіргі болжам бойынша кейбір өңірлерде жауын-шашын аз болуы мүмкін. Сондықта қажет шешімдер қабылданды. Сумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Біз былтырғыдай мал азығының тапшылығына жол бермеуіміз керек. Биыл әкімдіктерге жем-шөп егіс алқаптарын ұлғайтуды тапсырамын. Сондай-ақ, егіс жұмыстарының барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жеткілікті қоры туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер халықты кеңінен хабардар ету керек. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия беру жұмыстарын да жариялап отыру қажет", - деді ол.
Үкімет басшысы Президент Жолдауының мәні туралы пікір білдірді.
"Түптеп келгенде, Жолдаудың негізі мәні – халқымыздың амандығы мен елдің өркендеуі. Үкімет әрбір азаматтың өз мүмкіндігін толық іске асыруы мен қажырлы еңбегінің лайықты бағалануы үшін қажетті шараларды қабылдайды. Біз қоғаммен өзара байланыс ауқымын кеңейтіп, халқымыздың бірлігін нығайту жөнінде үлкен жұмыстар жүргізуіміз қажет. Сондықтан Ақпарат министрлігі осы бағытта белсенді жұмыстарды іске асыруы керек. Геосаяси сын-қатерлер жағдайында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыруға айрықша маңыз беріліп отыр. Осыған байланысты Президент "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңды қайта қарауды тапсырды. Бұл заңды журналистер және сарапшылар қауымымен ақылдаса отырып, қабылдаумыз қажет. Ақпарат министріне осы жұмысты тиянақты әрі жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын. Үкімет мүшелері журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Ашық жұмыс қана қоғамның Үкіметке деген сенімін қалыптастырады. Сол үшін Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы туралы азаматтарды тұрақты түрде хабардар етіп отыру қажет", - деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру үшін ұсынылып отырған реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізу керегін айтты. Сондықтан Әділет министрлігі осы жұмыстарды үйлестіріп, кейін Парламентке енгізу үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық заң жобасын дайындап талқылауға қазірден бастап кірісуі қажет екенін жеткізді.