Жаңалықтар

«Тұтас елдің атынан Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым»: Тоқаев

«Тұтас елдің атынан Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым»: Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жошы хан" тарихи-мәдени кешеніне барды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі "Жошы хан" кесенесіне зиярат еткенін мәлімдеді. 

"Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы жақсы ырым. Бәрімізді бабаларымыздың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз", -  деді президент Ұлттық құрылтай отырысында.

Президент қазақ құрылтайдарының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелгенін айтты.

Ұлттық құрылтай құрамына қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Оның екі орынбасары бар: мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай.

Ал Ұлттық құрылтайдың хатшысы – президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.

Сондай-ақ ұлттық құрылтай мүшелерінің арасында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев, саясаттанушы Данияр Әшімбаев, блогер Максим Рожин және басқалары бар.