Билік

«Тоқаев Мәскеуде білім алған, Назарбаев техникум бітірген адам» - академик

«Тоқаев Мәскеуде білім алған, Назарбаев техникум бітірген адам» - академик

Бұл туралы физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев Youtube платформасында Абай Сейфоллаға берген сұхбатында айтты, деп жазады Kazface.kz ақпараттық порталы.

Менің Тоқаевқа ішкі симпатиям бар. Оның себебі – біз өзі екі-ақ президент көрдік. Оны кіммен салыстырасың? Мен 3-4 мақала жаздым. Соны екі ғана адам оқыды. Бірі Алтынбек Сәрсенбаев, екіншісі – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кезде бұл кісі Жоғары кеңестің төрағасы, сенатор. Телеарналарда «Шынның жүзі», «Күлтөбедегі кездесу» дейтін хабарлар болды ғой кезінде. Тоқаевтың бір ерекшелігі – талай жыл өтіп кетсе де, сол бағдарламаларды бұл кісі әлі күнге дейін айтады. Тоқаевтың маған жазған 3-4 хаты бар. Мен көбіне технократ деймін ғой. Сол сөзді бірінші ұққан адам осы кісі болды. Маған «мынаны өте дұрыс айтып отырсың» деп хат жазатын. Ол хат маған ерекше дем берді, - дейді ғалым.

Сұхбат барысында Асқар Жұмаділдаев Тоқаев пен Назарбаевтың айырмашылығына да тоқталды.

Қасекең газетті өзі оқиды. Сенің жазған материалыңды да, тіпті Facebook-тегі жазбаларды да өзі оқиды. Сөйтіп, өзі қорытынды шығарады. Ал Нұрекең өзі оқыған жоқ. Айналасындағы жағымпаздар ақпаратты әкеліп беріп отырды. Ол сөзінен де байқалады. Айналасындағы жағымпаздардың айтқанына сеніп қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде білім алған, Назарбаев техникум бітірген адам,- дейді ол.

Академик Нұрсұлтан Назарбаевтың Сингапурдың алғашқы премьер-министрі Ли Куан Ю деңгейіне жете алмау себебін түсіндірді.

Назарбаев – күрделі тұлға. Бұл кісі Ли Куан Ю болғысы келді. Ли Куан Ю жасаған тірліктің бәрін жасады. Біреуін ғана жасамады. Ли Куан Ю айтқан «бизнестің мүддесі, мемлекеттің мүддесіне сәйкес келмейді» деген. Сондықтан, мемлекетке қажетті бизнестің бәрін бір жерге тоғыстырып, кейін несие алу, жүйені жұмыс істету оңай болады деген мақсатпен белгілі бір мекеме ашқан. Сол сияқты Назарбаев та  «Самұрық-Қазынаны» ашты. Бірақ Ли Куан Ю жұмысты жемқорлықтан, жемқорлыққа қарсы күрестен бастады. Ли Куан Ю жемқорларды айналасынан іздеді. Нұрекең алыстан іздеді. Айналасына бірыңғай жемқорларды жинап қойды. Бұл кісінің кемшілігі осы еді,- деді Жұмаділдаев.