Тоқаев: Маған Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан
Қазақстан мен Ресей арасында жер мәселесіне қатысты дау ешқашан туындаған емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қандай болуы керек? «Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады» деген пікірлер де айтылады...», - деді журналист Жайна Сламбек.
Өз жауабында Президент Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар екенін айтты.
«Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді», - деп атап өтті Қ. Тоқаев.
Екінші мәселе бойынша, Президент расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылғанын жеткізді.
«Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.