Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы қызметінен кетеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы қызметінен кететінін, сонымен қатар оның қатарынан шығатынын мәлімдеді.
"Президенттің міндетін заңды түрде рәсімдеп, өкілеттігін атқару кезінде партиядағы мүшелігін тоқтатуды ұсынамын. Осы норма саяси бәскелестікті арттырады. Барлық партияға бірдей жағдай жасайды. Соның арқасында біз елдің болашақ көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өз ыңғайына жығуға деген қызығушылықтан құтқарамыз", - деді Тоқаев халыққа жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен араласып кетуі дұрыс емес. Себебі саясаттағы монополия әлеуметтік наразылықтарға себеп болады. Сондықтан саяси үстемдікке тосқауыл қою қажет.
Бұдан бөлек, президент бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері партия қатарынан шығуға тиіс деді.
Олар:
Есеп комитеті;
Конституциялық кеңес;
Орталық сайлау комиссиясы.
Ал әкімдер мен әкім орынбасарларына партия филиалдарын басқаруға тыйым салынады.
"Осы шешімдер көпполюсты партиялық жүйені құруға мүмкіндік береді. Бүгінде барлық қоғам саяси және экономикалық монополияның қаңтар оқиғасына түрткі болғанын түсініп отыр. Ал қайғылы қаңтардың басты сабағы сол, мемлекетте жоғары лауазымды тұлғаның қолындағы билік күшейсе, оған жақын адамдар мен олигархтардың ықпалы артады. Солар мемлекетті жеке иелік деп қабылдайды", - деп түйіндеді Тоқаев.