Жаңалықтар

Тоқаев: «Әке туралы ой-толғау» кітабымның желісімен кино түсіруді ешкімге тапсырған жоқпын»

Тоқаев: «Әке туралы ой-толғау» кітабымның желісімен кино түсіруді ешкімге тапсырған жоқпын»

«Qazaqstan» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» кітабы желісінде кино түсіруге тапсырма бермегендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұхбат барысында телеарна тілшісі: «Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Әке туралы ой-толғау» кітабыңыздың желісі бойынша бір продюсерлік орталық кино түсіргелі жатыр екен. Осыған қатысты не айтасыз?», - деп сұраған еді.

«Менің кітабымдағы оқиғалардың негізінде кино түсіргелі жатқанын оқыдым. Бұл туралы ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын. Бермеймін де. Мұндайды қаламаймын. Бірақ, өзім жазған «Әке туралы ой-толғау» кітабынан бас тартпаймын, мазмұнды туынды деп есептеймін. Себебі, жастарға да пайдалы дүние. Бұл – менің әке-шеше алдындағы перзенттік борышым»,- деп жауап берді Мемлекет басшысы.