Билік

Тоқаев: «Тазы – біздің ұлттық брендіміз»

Тоқаев: «Тазы –  біздің ұлттық брендіміз»

Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазының халықаралық деңгейде ресми түрде мойындалғанын атап өтті. Президент бұл оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екеніне ерекше тоқталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қазақы тазы тек аңшылық ит тұқымы ғана емес, ол – ғасырлар бойы қазақ халқының сенімді серігі, көшпенді өмір салтының ажырамас бөлігі. Оның жылдамдығы, шыдамдылығы, аңшылық қасиеттері мен адалдығы ерекше бағаланады. Бүгінде қазақы тазы Қазақстанның ұлттық брендіне айналуда. Бұл бастама еліміздің бай мұрасын насихаттауға, қазақы құндылықтарды әлемге танытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

«Бірнеше жыл бұрын қазақы тазы Қазақстаннан тыс жерде көпшілікке беймәлім еді. Алайда мемлекет бұл тұқымды халықаралық деңгейде мойындату үшін жүйелі жұмыстар жүргізді. 2022 жылдан бастап Қазақстан халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі атанып, қазақы тазыны ресми тіркеу үдерісі басталды», деді президент. 

2024 жылдың қыркүйегінде FCI қазақы тазыға алдын ала халықаралық мойындау мәртебесін берді. Бұл – Қазақстанның ұлттық мұрасы ретінде танылуы және қазақы тазының әлемдік кинологиялық қауымдастықта ресми мойындалуы деген сөз.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақы тазыны толыққанды халықаралық деңгейде бекіту үшін әлі де атқарылатын жұмыстар бар. FCI ережелеріне сәйкес, бұл процесс 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде қазақы тазының тұқымдық стандартын бекіту, халықаралық көрмелерге қатысу, тұқымның тазалығын сақтау және аңшылық қасиеттерін дамыту секілді маңызды міндеттер тұр.

«Сонымен қатар, қазақы тазыны зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары жалғасуы тиіс. Бұл бағытта Қазақстан кинологтары, ғалымдары мен мамандары тығыз жұмыс істеп, қазақы тазының әлемдік беделін арттыруға үлес қосуы қажет», деп қорытындылады ол.