Жаңалықтар

Талғардағы ауруханада 20 жастағы қыз көз жұмды

Талғардағы  ауруханада 20 жастағы қыз көз жұмды

Қазнетте Талғар қаласында 20 жастағы қыздың ауруханаға жүгінгеннен кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Талғар орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, марқұм қыз расымен де медициналық ұйымның қабылдау бөліміне жүгінген. Оған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес медициналық көмек көрсетілген.

«Көрсетілген көмектен кейін пациент қанағаттанарлық жағдайда туысының еріп жүруімен медициналық мекемеден шыққан», – деп хабарлады

Талғар орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі. Алайда сол күні, 2026 жылғы 10 қаңтарда, бойжеткен өз үйінде көз жұмған.

«Өлім фактісін жедел қызмет өкілдері үйінде тіркеді», – деп нақтылады медицина қызметкерлері.

Алдын ала сот-медициналық сараптама деректеріне сәйкес, өлімнің себебі – жүрек тампонадасымен асқынған қолқа доғасының жоғары бөлігіндегі қатты тамырлық жағдай, яғни қабаттасып жарылған аневризма болған. Өлімнің нақты себебі барлық сараптама кезеңдері аяқталғаннан кейін заңда белгіленген мерзімде анықталатын болады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, уәкілетті органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық мән-жайды, оның ішінде медициналық қызметкерлердің әрекеттерін жан-жақты әрі объективті түрде тексеріп жатыр.

«Тергеу және сараптамалық іс-шаралар аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе жария мәлімдеме тарату ерте», – деп мәлімдеді аурухана өкілдері.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі де қазіргі уақытта кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында медициналық қызметкерлердің медициналық көмекті тиісінше көрсетпеу фактісіне қатысты тексеру жүргізіледі. Тергеу жалғасуда», – делінген полиция хабарламасында.