Жаңалықтар

Түркістан облысында жоқ малға субсидия рәсімдеген

Түркістан облысында жоқ малға субсидия рәсімдеген

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Түркістан облысында ветеринариялық қызметтің бірнеше қызметкері жоқ малды тіркеп, мемлекеттен субсидия алып, ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Қадағалау қызметінің  мәліметінше, төрт ветеринар маманы ауыл тұрғынымен алдын ала сөз байласып, жүйеге шамамен 100 мың бас ұсақ малды жалған түрде енгізген. Олар малды бірнеше жеке шаруа қожалығының атына тіркеп, осы негізде 271 млн теңге субсидияны заңсыз алған. Алынған қаржы өзара бөлініп отырған.

Түркістан қаласының соты бес адамды алаяқтық және құжаттарды қолдан жасау фактілері бойынша кінәлі деп таныды. Төрт қызметкерге 5 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы бір күдіктіге бостандықты шектеу жазасы беріліп, кейін іс кешірім жасау актісіне байланысты тоқтатылды.

Мемлекет пайдасына 50 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар сот 120 млн теңге тұратын мүлкін тәркілеуге шешім шығарды. Прокуратура өкілдері субсидияны жымқыру қылмысы үшін заңда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын еске салды.