Спорт нысандардың тендерінде заң бұзушылықтар анықталды

Елордадағы «Астана Арена» стадионын, «Барыс Арена» және «Алау» мұз сарайларын сенімгерлік басқаруға беру кезінде монополияға қарсы заңнаманың талаптары сақталмағаны белгілі болды,- деп хабарлайды KazFace.kz.
Осыдан 5 жыл бұрын «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» аталған спорттық нысандарды сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер өткізген. Алайда, бұл тендерде барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктер жасалмағаны анықталған. Тендерлік құжаттама белгілі бір компанияға басымдық беретіндей етіп әзірленген.
Нәтижесінде, тендерді «Mtex Management» ЖШС жеңіп алып, үш нысанның басқару құқығын 15 жылға иеленген.
«Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті осы заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасына» жолдады», – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Бұл оқиға бәсекелестік қағидаттарын бұзып, мемлекеттік активтерді басқару саласындағы ашықтыққа күмән келтіріп отыр.