Билік

Спорт министрлігі қызметкерлері 584 миллион теңгені жымқырды деп күдіктелуде

Спорт министрлігі қызметкерлері 584 миллион теңгені жымқырды деп күдіктелуде

Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМК директоры мен оның орынбасары 584 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлғалар кәсіпкерлермен бірлесіп, спорттық жабдықтарды сатып алу үшін бөлінген қаражатты жымқырған.

Сонымен қатар, олар туроператорлармен жоғары бағада келісімшарттар жасасып, бюджет қаражатын өз мақсаттарына пайдаланған деп күдіктелуде.

Бұдан бөлек, РМК директоры жеке компанияның басшысы бола отырып, 2021 жылы Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккей спорт түрлерін дамытуға бөлінген 161,9 миллион теңге қаражатты да жымқырған.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.