Жаңалықтар

Әскерден қашып кеткен солдат 28 жылдан кейін табылды

Әскерден қашып кеткен солдат 28 жылдан кейін табылды
Атырау облысында қарт ана әскерден оралмаған ұлымен 28 жылдан кейін қауышты, деп хабарлайды KazFace.kz

1996 жылы күзде әскерге кетіп, оралмаған Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғыны Бейбіт Қозыбаев 28 жылдан кейін аман-есен табылған.

Оның анасы Маржан Қозыбаева құзырлы органдардың жылдар бойы табалдырығын тоздырып, ұлының тірі екенінен үміт үзбеген.

-Аудандық әскери комиссариатына келіп, баласын сұрап егілген ананың талай қиналғанына куәміз. Міне, 28 жылдан кейін бауыр еті-баласымен қауышқан ана үшін біздің де көңіліміз жай тапқандай болды, - дейді Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров.

Ашық дереккөздердің мәдіметіне сүйенсек, Бейбіт Қозыбаев 1997 жылы 9 қыркүйекте әскерден қашып кеткен. Оның үстінен ҰҚК Ақтау гарнизоны бойынша әскери полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 372-бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін ("Бөлімді өз еркімен тастап кету") іс қозғап, мемлекетаралық іздеу жариялаған. 

Әзірге, оның осы уақытқа дейін қайда болғаны, не істегені туралы ресми ақпарат жоқ. Дегенмен оның көрші мемлекетте құлдықта болғаны туралы желіде таралуда. 

Ал, талай жылдан кейін табылған Бейбіт Қозыбаев үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылады.