Шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі

Трансшекаралық онлайн-сауданың дамуына байланысты Қазақстанда шетелдік маркетплейстерге қатысты тұтынушылардың шағымдары көбейіп келеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл мәселелер көбінесе шетелдік сатушылар мен платформалардың Қазақстан заңнамасына бағынбауына байланысты туындайды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда тіркелуге міндеттеу туралы ұсыныс жасады.
“Шетелдік компаниялар елімізде тіркелсе, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтеді, сонымен қатар тауарларды қайтару мен айырбастау процесін жеңілдетеді. Тіркелген платформалар арқылы тұтынушылар өз мәселелерін жергілікті органдарға жүгіну арқылы шешуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл шара салықтық түсімдердің артуына ықпал етіп, отандық нарықта әділ бәсекелестік орнатуға жағдай жасайды”,- деді ол.
Бұл жаңашылдықтар Қазақстандағы онлайн-сауда нарығын жақсарту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін маңызды қадам болып табылады.