Сенат депутаттары сайлауының алдын ала нәтижесі шықты
Орталық сайлау комиссиясы мәліметі бойынша 14 қаңтарда барлық өңірден ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткерлерге берген дауыстың алдын ала нәтижесі келіп түсті.
17 облыстан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жиыны 20 депутат сайлануы тиіс. 20 орынға 55 кандидат үміткер. Алматыдан – 4 кандидат, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әрқайсысынан екі кандидат, ал қалған аймақтар мен Шымкент, Астана қалаларынан үш кандидаттан қатысқан.
Алдын ала қорытынды бойынша бұрын сенат депутаты болған төрт адам қайта сайланған. Сенатқа облыс мәслихаттарының бес хатшысы, төрт әкім орынбасары, екі аудан әкімі, бір облыстық басқарма жетекшісі, министрліктің орташа дәрежедегі бір жетекшісі өткен.
Сайланғандардың үшеуі – әйел. Жаңа депутаттардың орташа жасы - 53,6: ең үлкені – 62 жаста, ең жасы 42 жаста. Сенатта президент тағайындаған 15 депутат қалған. Биыл кезектен тыс мәжіліс сайлауынан кейін (мерзімі әзірге белгіленген жоқ) сенаттағы он депутатты президент тағайындайды. Олардың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша таңдалады.
Еске сала кетейік, Конституция бойынша сенат депутаттары сайлауы үш жыл сайын өтеді. Әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан екі депутаттан сайланады.