Семейде жыл бойы жұмыс істейтін алып шолу дөңгелегі салынады

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Семей қаласында жыл он екі ай жұмыс істейтін биіктігі 50 метрлік алып шолу дөңгелегі салынады. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орынға айналады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Абай облысының жаңадан тағайындалған әкімі Берік Уәли Семейдің қоғамдық кеңістіктерін аралап, қаланы жаңғыртуға бағытталған өзгерістерді енгізуді бастады. Солардың бірі – Бейбітшілік аралында алып шолу дөңгелегін салу.
"Бейбітшілік аралы – семейліктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны. Бұл жерге жыл бойы жұмыс істейтін биік шолу дөңгелегі қажет. Ол Семейдің көркін арттырып, туризмді дамытуға үлес қосады", – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, әкім қоғамдық кеңістіктерді дамыту кезінде қауіпсіздік пен жайлылыққа ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осыған орай, аралда полиция және медициналық бекеттер орнатылады.
Жаңа әкімнің бастамасымен Семейде 10 саябақты жаңғырту, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, көше жарықтандыру және ғимараттардың қасбеттерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.