«Сақтайтын орын жоқ»: Алматыда жүз мың тонна алма қар астында қалды
Қазақстандықтар осынша игілікті әлеуметтік мекемелерге, халыққа неге тегін таратып бермеген деп қынжылды. Неге таратып бермеген? Не себепті сонша көп алма қар астында босқа шіріп жатыр?
Әлеуметтік желіде "Қазақстанда 100 мың тонна алма сұраныс таба алмай, бақшаларда қалды" деп аталатын бейнежазба тарады, деп жазады inbusiness.kz порталы.
Ауыл шаруашылығына маманданған "Qazag" YouTube-арнасы да жариялаған видеода куәгер мұның елдегі "басы артық өндірістің кесірлі көрінісі" екенін айтады.
"Міне, осылайша тауарды артық өндіру жүзеге асырылуда. Әне, ел байлығы – алма аяқ астында жатыр. Қандай тамаша алмалар. Тау болып үйіліп жатыр. Ешкімге де керегі жоқ тауар. Тәңірім-ай, қандай ғаламат бақша. Мұның бәрі енді босқа рәсуа болады", – деп ауыр күрсінген ер адам үйіліп жатқан алмаларды қолына алып, әлі де қатты екенін, үсікке шалынбағанын паш етті.
Тәтті дақыл ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ірі, ақ, полиэтилен жеңдерге салыныпты. Бірақ біреулер осы алып бітеу қапшықты жарып тастаған көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған адам да қазір одан көтергенше салып алатынын айтып қалды.
Пікір білдіргендер қалада оны акциялық бағамен сатса, жұрт талап алатынына назар аудартты, балалар үйлеріне, басқасына тарату туралы ақыл қосты.
Мемлекеттің қуатты қолдауы арқасында биылғы жылы қазақстандық диқаншылар алмадан рекордтық астық алды: 350 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге оның қорытындысын жариялаған жоқ.
Қазақстан жылына 350 мың тонна алма тұтынады, былтыр оның 260 мың тоннадан астамын өзі өндірді, қалған 90 мың тоннасын шетелден тасыды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев АӨК дамыту бойынша ұлттық жоба аясында Қазақстанды 2024 жылға қарай алмамен 100% қамтамасыз етуге уәде берген.
Алайда фермерлер сақтайтын жер болмағандықтан, алманың үлкен бөлігі шіріп кететінін айтады. Бірақ сонда да өндірушілер оны қалаға апарып, өзіндік құнына жақын бағаға, арзанға сатпайды. Себебі қалаға жеткізу үшін көлік жалдау, тасымал, логистика, қоймаға қою, сауда орнын, яғни базарды, жабық алаңды немесе супермаркеттер желісін жалдау құны басыартық шығын шектіреді. Тегін беруге құлықсыздау: тіпті шірісе де, малға беруге жарап жатыр.
"Менің пікірімше, Қазақстандағы жеміс-көкөніс сақтау қоймаларының қуаты әрі кетсе, жергілікті алманың 20%-ын немесе 55 мыңнан астамын ғана сақтауға жетеді. Қалған жүздеген мың тоннасы қайда кетеді? Шағын ғана бөлігі өңделеді: шырын, тосаптар, консервілер және басқасы жасалады. Тағы бір бөлігі малға азықжем ретінде беріледі. Бірақ шамамен 100 мың тоннасы босқа шығын болады, қар астында жиналмай қалуы мүмкін. Ал бұл – қайтарылмаған кредиттер, төленбеген жалақылар, шаруашылықты ұстап тұруға жаратылмаған қаражаттар, аударылмаған салықтар мен әлеуметтік жарналар. Ең бастысы, соның өзі қаншама ауылдықтың әл-ауқатын көтеретін еді", – дейді фермер Болатбек Әлиев.
Белгілі кәсіпкер, Apple bee компаниясының директоры Олжас Суанбаев пандемия кезінен бері алманың жеткізілім тізбектері бұзылғанын алға тартты.
"2022 жылы біз 1 000 тоннадан астам алма жинадық. Алайда белгілі бір бөлігінен сату кезінде айырылып қалдық. Биылғы маусымда алма ылан-ойран болды, барлық фермерлерде шығымдылық жақсы болды. Сұраныс сол баяғы көлемде қалды, ал ұсыныс айтарлықтай өсіп шыға келді. Ішкі нарық осынша көлемдегі мол өнімді еңсеруге қабілетсіз болды. Сатушылар тауарын көп әрі тез өткізе алмады. Салдарынан ашықтан ашық баға демпингі басталды. Бұл, әрине, сатып алушылар үшін оңтайлы, бірақ одан өндіруші ұтылады. Бізге ұсынылған баға оның өзіндік құнынан да төмен, өйткені өндіріс шығыны барлық бап бойынша өсті. Келесі жылы да баға төмен болады деген уайымымыз бар. Фермерлер үлкен шығын шегуде, мұндай жылдар көптеген шағын шаруашылықтарды тұралатып кетеді. Соның кесірінен салаға қаржы аз құйылады, өндіріс құлдырайды. Нарық тұрақты болуы үшін толық өндірістік тізбек болғаны жөн", – деді Олжас Суанбаев.
Алайда елде алма сақтаушы қоймалар тапшы. Ал артық өнімді экспорттау да күрделенген. Бүгінде еліміздің көлік-тасымал әлеуеті Қытайдың Еуропаға еселеп артқан транзитіне қызмет етуде. Тіпті бидай, ұн секілді басты ауыл шаруашылығы тауарларына да орын жетпей жатыр. Орталық Азияның өзінде бақша өнімдері аста-төк.
Кәсіпкер солтүстік көршінің нарығына назар аударуға кеңес берді. Оның айтуынша, Батыс санкциялары нәтижесінде Ресейге Польша мен Молдовадан келетін алма импорты күрт құлдырады. Оның үстіне Ресейде алма бағасы қымбат. Apple bee компаниясы биылғы көктемде, санкциялар енгізіле сала, ресейлік сауда желілерімен контрактіге отырып, өз өнімін шығын болудан құтқарып қалыпты. Өнімін Сібірге, Орал өңіріне тікелей жеткізуге уағдаласқан. РФ нарығында оның алмасы Almatau брендімен сатылады.
ElDala.kz порталына сұхбатында "Қазақстан бақтары" консорциумының басшысы Нұрлан Құралов өткізуде қиналған, нарықтан орын таба алмаған фермерлер жемістердің үлкен көлемін жинамай, бұтақта қалдыра салғанын айтады.
"Бақшашылардың негізгі жемісі – алма. Алма бақтарының ауданы Қазақстанда 35 мың гектарға жетті. Оның әр гектарынан шығымдылық орта есеппен 10 тоннадан айналды. Яғни, біз биылғы жылы шамамен 350 мыңға жуық тонна алма өсірдік. Бірақ соның тек 250 мыңын ғана жинай алдық. Ал 100 мың тонна алма бақшаларда қалып қойды. Оларды жинап алудың еш мағынасы қалмады. Басты проблема – өткізу бағасы төмен. Бізге сауда желілері әр келісін 200–250 теңгеден сатуды ұсынады. Баға бес жылдан бері осы межеде қалып тұр. Осы уақытта бақшашылардың еңбекақы қорынан бастап, көлік, тасымал бойынша барлық шығындары өсті", – деді аграршы, консорциум басшысы Нұрлан Құралов.
Дегенмен, толығымен фермерлердің жағына шығу да қиын. Өйткені олардың кейбірі алманы өсіріп, мемлекеттен қолдау, субсидия алған соң, оның өнімін жинауға да құлық танытпайды. Себебі түсінікті: оны жинау үшін жұмысшыларды, техниканы жалдау, мол өнімді сақтауға, тасымалдауға шығындалу қажет. Мәселен, егер былтыр 1 келі алманы Астанаға жеткізу шығыны орта есеппен 30 теңгені құраса, биыл 60–70 теңгеге шарықтапты. Бұған қоса, қорап, жәшік, контейнер сияқты қосымша керек-жарақтардың бағасы да өсті. Содан фермерлердің мойындауынша, шыққан өнімді жинау экономикалық тұрғыдан мәнсіз нәрсе. Шіріткені үнемдірек: әлгі аталған шығыстарды түсетін ықтимал табысы өтемеуі мүмкін.
Әрине, хабарландыру беріп, халыққа осының бәрін тегін алуға рұқсат етсе, көлігі бар халық өзі-ақ жетіп, өз бетінше жинап әкетер еді. Бірақ онда бір жағынан, жанталасқан, қарбаласқа түскен адамдар бақшаны бүлдіріп кетуі мүмкін. Екінші жағынан, дәндеп алып, бір жинаған жеріне келесі жолы тағы ағылуы ықтимал. Онда күзетшілер жалдауға тура келмек. Сондықтан мұндай тәсілге бақшашылар жүгіне бермейді.
Сарапшылардың тұжырымдауынша, аграршылар тұйықтан шығуы үшін мемлекет оларға Еуразиялық нарықты игеру, соның ішінде санкциядан тарыққан Ресей және Беларусті алмаға қарық ету жайын пысықтағаны жөн. Ол елдер бұл тәтті жемістің әр келісін 300 теңгеден қымбатқа сатып алуға дайын. Бірақ жөнелтілімдерге дайындау және өткізу орталықтарының жоқтығы кедергі екен. Трейдерлер экспорттық партияны қалыптастыру үшін еліміздегі әр бақшашыны аралап, аздап жинап жүрмейді. Шетелге тұрақты әрі ірі жөнелтілімдер үшін алманың ірі көлемі бір жерде жиналып тұруы, дұрыс температурада сақталып, сұрыпталып, жеке қоймалануы шарт. Ондай орталыққа қажетті жалғыз сұрыптау желісінің өзі жарты миллион доллар тұрады. Бұған қосымша тоңазытқыш камералар, тиегіштер, түрлі қосалқы жабдықтар, теміржол желісі қажет. Бүгінде қазақ алмасының 90%-ы – қолмен сұрыпталады екен: бір адам отырып алып, күніне әрі кетсе, 100 келісін іріктеп-сұрыптай алады. Осыдан кейін қандай экспорттық әлеует туралы сөз қозғауға болады.