Самал Ибраеваға белгісіз біреулер сәлемдеме жіберген
"Ulys Media" - ның бас редакторы Самал Ибраеваға малдың ішкі ағзалары және балаларының фотосы салынған жәшік келген. Бұл туралы журналист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Бүгін біздің кеңсемізге курьер арқылы сәлемдеме келді. Жәшікте малдың өкпе-бауыры, жүрегі салынған. Оның арасында балаларымның суреті жүр. Бұл маған қысым көрсетіп жүргендердің тағы бір құйтырқы әрекеті екені мәлім. Бірақ олар мұнымен нені меңзеді екен? - деді жазбасында Самал.
Аталған жағдай бойынша Астана қаласы полиция Департаменті тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
- Ulysmedia.kz ғимаратынан белгісіз жануардың ішкі мүшелері салынған жәшік пен отбасылық фотосуреттердің көшірмелері табылғаны Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасына тіркелді. Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр, - делінген хабарламада.
Самал Ибраеваның айтуынша, осындай жағдайлар әріптестерінде де қайталанған.
- Сайт бұғатталып қалғанда ақпарат министрлігі, тіпті президент жағдайды жеке бақылауына алғанда қатты қуанып едім. Бірақ бұлар ешкімнен қорықпайды. Менен бөлек, басқа да әріптестеріме қысым көрсетіліп келеді. Мәселен, Башкеноваға дәл осылай шошқаның басын апарса, Ерғалиеваның кеңсесін қиратып кеткен. Ал, Егеубаеваның автокөлігін өртегенін барлығымыз білеміз. Енді ұлын тапаншамен қудалағаны тағы бар. Сонда бұл тәуелсіз журналистерді осылай қорқытқандары ма? - дейді журналист.
Еске сала кетейік, жылдың басында ulysmedia.kz ақпараттық порталына кибер шабуыл жасалғаны туралы жазған едік. Сонда журналист соңғы жарты жылда өзіне және отбасына қысым көрсетіліп жүргенін баяндаған. Сонымен қатар, жеке парақшасына белгісіз біреулерден қорқытып-үркіту, бопсалау мәтіндегі хабарламалар мен пікірлер келетінін айтқан.