"Шала молда дін бұзар". Балаларға заңсыз діни сабақ берген ер азамат ұсталды
Түркістанда кәмелетке толмаған 70-ке жуық балаға заңсыз діни сабақ берген азамат анықталды, деп хабарлайды KazFace.kz
Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іс-шаралар өткізу барысында, кәмелетке толмағандарға заңсыз діни сабақ берген ер адамды анықтады. Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 жастан 17 жасқа дейінгі 68 балаға сабақ берген. Діни уағыздарды заңсыз өткізіп, ал оқу ақысы ретінде олардан 100 мың теңге алған.
Ер азаматтың сондай-ақ оқушылар арасында Түркістан ғана емес, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Өзбекстан Республикасы балаларының да білім алғаны анықталды. Сонымен қатар полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен сараптамаға бағытталған 100-ден аса діни сипаттағы кітаптарды тәркіледі.
Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-бөлігі («Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз діни қызметпен айналысқаны және діни әдебиеттерді таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді, – делінген полиция хабарламасында.