Жаңалықтар

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алуды бастады

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алуды бастады

Соңғы аптада Ресей азаматтары Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр. Диллерлердің есебінше, сұраныс 10 есеге артқан, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Көрші ел тұрғындарының көлік іздеп, еліміздің солтүстік өңірлеріне күрт ағылуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ресей Федерациясында шетелдік машина құрау зауыттары жұмысын тоқтатты. Оған Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс себеп болды. Екіншіден, дайын техникаларды да әкелмейтін болды.

Сондай-ақ, рубльдің құнсыздануы темір тұлпардың құнын шарықтатып жіберген. Мысалы, Қытай концерні прайс бағасын 50%-ке дейін жаңартты. Бұл үрдіс барлық дерлік брендтерде байқалады.

Ал, Қазақстанда құрастырылатын көліктердің бағасы әзірше сол қалпында. Ең арзаны 5 млн 700 мың теңге. Ресейліктердің де көз тігіп отырғаны осы бағасы арзан отандық көліктер екен.

– Солтүстіктегі көршілеріміз бұрын да бізден көліктер сатып алатын. Бірақ тек люкс санатындағы, қымбат көліктерді таңдайтын. Бұл жолы олар арзан көліктерге қызығып, өтінімдерді еселеп жіберіп жатыр. Отандық машина құрастыру зауыттары бағаны осы қалыпта ұзақ уақыт ұстай алмайды. Өйткені, жабдықтар шетелден әкелінеді, нарықтағы баға қымбаттап жатыр. Көлік сатып алғысы келетіндерге тездетіп кезекке тұруға кеңес береміз, – дейді автокөлік салонының сату жөніндегі директоры Евгений Бибер.

Әзірге, ресейліктер онлайн, офлайн сұранымдар жіберуде. Олар жаппай сатып алуды тоқтатпаса, кезекте тұрған отандастарымыз көлігін тағы да ұзақ күтуі мүмкін. Мұның үстіне, жақында елімізде 4 пайыздық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмысын бастайды. Демек ішкі нарықта сұраныс артады деген сөз.