Жаңалықтар

Қызылордада 1,5 миллиард теңге мектептің іргетасына жұмсалған

Қызылордада 1,5 миллиард теңге мектептің іргетасына жұмсалған

Қызылорда облысы Жаңақорғанда 600 орындық мектеп қолданысқа берілді. Құны 2 миллиардтан астам тұратын білім ордасының кем-кетіктері баршылық. Бұл туралы арнайы қоғамдық бірлестік өкілдері мәлімдеген. 

- Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Тараз қаласында дәл осындай 600 орындық мектеп барлық қажеттіліктермен сапалы түрде 1 миллиард теңгеге салынды. Ал мына ғимаратқа бөлінген қыруар қаржы желге ұшқан. Не балалар алаңы, не акт залы жоқ, - дейді "Әділет жолы" республикалық қоғамдық бірлестік өкілі Ляззат Бақтыбаева.

Ал бөлінген қаржының 1,5 миллиарды мердігерлердің айтуынша мектептің іргетасына кеткен. Олар ғимарат асты суға толған аймаққа салынғандықтан барлық күш пен қаржыны іргетасын нығайтуға жұмсадық деп сендіреді. 

- Құрылыс барысында су деңгейі 2 метр тереңдікке дейін шықты. Сол себепті сейсмикалық жағдайға байланысты сұрақтар туындаған. Қазіргі таңда мектеп 2 метрлік бетонның үстінде тұр, - дейді Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов.

Мектептің кемшіліктері туралы аудан басшылары хабардар. Олар алдағы уақытта барлығы қайта жөндеуден өтетінін айтады. 2 миллиард 200 миллион қаржыға салынған жаңа мектеп енді тағы мемлекет қаржысына қайта жөнделмек. 

Айта кету керек, мектеп құрылысы арнайы комиссияның тексерісінен өтпесе де, оқушылар 3-ші тоқсаннан бастап аталған ғимаратта білім алуда.