Қырғызстан: Қазақстан келісімді орындамай отыр
19 сәуірде Қырғызстан мен Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары екі ел шекарасында жүк көліктерінің кептеліп қалуына байланысты онлайн кездесу өткізеді.
Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің төраға орынбасары Арзыбек Кожошев пен Қазақстанның вице-премьер-министрі, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың кездесуінен кейін белгілі болды.
Олар 15 сәуірде Еуразия экономикалық комиссиясы кеңесінің отырысы аясында, Мәскеуде жолыққан. Сол кезде Кожошев келіссөз жүзеге аспай жатқанын жеткізген.
"Біз құжаттар дұрыс емес немесе жоқ болған кезде ғана қазақ тарап жүк көліктерін кері қайтарады деп келіскенбіз, бірақ кептеліс күн сайын көбейіп жатыр", - деді Кожошев.
11 сәуірде "Ақ Тілек-Қарасу" өткізу бекетінде 300-дей жүк көлігі тұрып қалған. Импортқа тәуелді Қырғызстан үшін Қазақстан басты транзиттік жол саналады.