Құлыбаев Ұлттық Олимпиада Комитетінен неге кетпей отыр?
2015 жылдың 26-шы сәуірі күні Алматы қаласындағы “Интерконтиненталь” қонақ үйінде XVII Ұлттық Олимпиада Комитетінің құрылтайында Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті болып тағайындалған еді. Кешегі қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің туыстары биліктен шеттетіле бастағаны баршаға белгілі.
Бірақ Құлыбаев еліміздегі әртүрлі лауазымдардан шеттетілгенімен дәл осы Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президенті қызметінен әлі күнге кетпей отыр.
Президент Қ. Тоқаев күні кеше өткен Бейжіндегі қысқы ойындар Олимпиадасына Тимур Құлыбаевты алып барған да жоқ. Оның өзінде де бір мән болса керек.
Бірақ сол аламанда Қазақстан туы жеңіс тұғырынан бірде-бір рет желбіремеді. Тек сәнді формасы ғана жұрт назарына ілікті десек, артық айтқандық емес. Осыдан кейін-ақ мемлекет тарапынан Ұлттық Олимпиада Комитетін қаржыландыру тоқтатылсын деген шешім шықты.
Мұның өзі көзі қарақты жұрт түсінігінде “Құлыбаев кет!” деген ишара ретінде қабылданды. Бірақ оны әсте “күлшелі күйеу бала” түсіне қоймаған тәрізді.
Экс-президенттің туыстары мен сыбайластарына Еуропа елдері санкция салуды қарастырып жатыр.
Олардың бел ортасында Құлыбаевтың аты да аталады. Енді осындай дамыған шетелдік мемлекеттер тарапынан санкцияға ұшырап жатқан тұлға басқаратын спорттық мекеме, қалай қанатын кеңге жаймақ?
Әрі-беріден соң, санкцияға ілінген тұлға қалайша шекара асып барып ел спортының мүддесі тұрғысынан келіссөздер жүргізе алады?
Бәрінен де бізді таң қалдыратыны - Тимур Құлыбаевқа бұл мекеменің басшылығы не үшін керек?
Әлде “Жаңа Қазақстанда” да спорт саласын да сауын сиырдай қаражат “сауып” отыруды көздей ме екен? Кім білсін…
“Адырна” ұлттық порталы