Жаңалықтар

Қостанай облысында уақыт белдеуі өзгеруі мүмкін

Қостанай облысында уақыт белдеуі өзгеруі мүмкін

 

Қостанай қаласының тұрғындары мен облыстың кейбір қоғамдық ұйымдары Техникалық реттеу және метрология комитетіне уақыт белдеуін өзгертуді сұрап жүгінген. Олардың пікірінше, қазіргі уақыт белдеуі табиғатқа сәйкес келмейді. Бұл денсаулыққа, еңбек өнімділігіне және психологиялық жағдайға әсер етеді.

 

"Қостанай облысының тұрғындары уақытты республиканың батысындағыдай етіп өзгертуді сұрап отыр. Мысалы, Астанада қазір 17:00, ал батыста 16:00. Екі қала – Қостанай мен Қызылорда – бір сағат белдеуінде орналасқан. Бірнеше жыл бұрын Қызылорда да Астана уақытымен өмір сүрген, бірақ олар өзгертуді сұрап үкіметке жүгінді, жұмыс тобы құрылып, ауысу туралы шешім қабылданды. Қостанай облысы да дәл осындай өтінішпен жүгініп отыр", - деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті.

 

Басқарма аталған мәселе бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының қызметін қайта жалғастыруға уәде берді.

 

"Уақыт өзгерістерінің азаматтар қызметінің барлық саласына әсері туралы мәселе шешілетін болады. Өйткені, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы мәселе көтеріледі. Осыған байланысты ҚР Үкіметінен ұсыныс түсті. Ең бастысы, біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын күтіп отырмыз. Уақыт белдеуі шынымен де денсаулыққа әсер ете ме, жоқ па жақында белгілі болады. Мүмкін уақыт ауыстыру туралы шешім қабылданатын шығар. Бірақ барлық министрліктердің пікірлерін ортаға қою қажет. Өйткені бұл ұшақтардың ұшуына, әуежайлардың қызметіне әсер етеді. Уақыт ауыстыру өте күрделі жұмыс, кесірі тимеу үшін жан-жақты зерттелетін болады", – деп қосты комитет.

 

Еске салайық, Қостанай облысының тұрғындары 2020 жылдан бері аймақтағы сағат белдеуін өзгертуді сұрап келеді.