Қазақстанның батысында төтенше жағдай жарияланды
Батыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарында су тасқыны орын алып, төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды KazFace.kz.
ҚР ТЖМ мәліметінше, батыста 12 ауыл өркениеттен ажырап қалған. Олар Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарына қарасты елді мекендер. Ал, бір ауылдың 48 үйі жарықсыз қалған. Сонымен қатар, Орал қаласындағы «Ягодка» саяжайында 10 үйді су басқан. Аймақта тасқын қаупі әлі де сейілмей тұр.
- Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғалы тәулік бойы жүргізілетін жұмыстармен 340 мың текше метр су сорылып, 25 мың қап инертті материалдар төселген. Құтқару жұмыстарына мыңға жуық адам мен 400-ден аса техника жұмылдырылған, - делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
"ҚазАвтоЖол" АҚ БҚО филиалы болса, республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолында (97-131 км, Бөрлі ауылынан Ақсай қаласына дейін) барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелгенін хабарлады. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, мекеме-ұйымдарға хабарландыру жіберді.
Ал, бүгін 12 наурыз күні іс-түссіз жоғалып кеткен екі азаматтың біреуінің денесі табылғанын облыстық полиция департаменті растады.
"1984 жылғы ер адамның қайтыс болғаны туралы дерек Бөрлі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Сараптама тағайындалып, оқиғаның нақты себебі анықталатын болады", - деді ПД ресми өкілі.
Еске сала кетейік, олар Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылынан көршілес Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласына трактормен жолға шыққан болатын. Жоғалып кеткендері туралы мәлімет 14 наурыз күні түскен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері күні-түні іздеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 39 жастағы азаматтың денесі судан табылған, ал екінші 46 жастағы ер азамат дін-аман.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанға атыраулық құтқарушылар көмекке аттанды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, олар Ақсай қаласы мен Қаратөбе ауданындағы тасқын судың зардабын жоюға кіріскен.