Қазақстандық құтқарушылар Түркияға аттанды
Алматыдан Түркияға жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында арнайы мамандар аттанды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап KazFace.kz хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша борт Газиантеп қаласына барады. Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар. Бортта барлығы 41 маман.
ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты және Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
СІМ мәліметі бойынша, қазіргі сәтке дейін онда Қазақстан азаматтары зардап шекті деген ақпарат келіп түскен жоқ. Соңғы мәлімет бойынша Түркияда зілзала құрбандарының саны 3 мыңнан асты.