Жаңалықтар

Қазақстанда ақбөкендерді атуға рұқсат берілмейтін болды

Қазақстанда ақбөкендерді атуға рұқсат берілмейтін болды

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ақбөкен деривативтерін жинау туралы бұйрық жобасын кері қайтарып алды, деп хабарлады Elorda.info.

Комитет жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғауды ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралардың арқасында киіктердің жыл сайын орта есеппен 40% көбеюі байқалатынын мәлім етті.

2017 жылғы есеп бойынша киік басы 152 мың болса, 2022 жылы олардың саны 1,3 млнға жетті. Дегенмен бұл жануарлардың республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болуы керек.

Әсіресе, Батыс Қазақстан облысына ерекше назар аудару қажет. Онда киіктердің саны – 801 мың бас. Бұл өңірде жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен киіктердің бәсекелестігі арта түскен.

Сонымен қатар киіктер Бастыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктерге де зиян келтіріп жатыр. Қазір 2015 жылғы пастереллёз індетінің қайталану қаупі бар. Сол жылы 150 мың киік (бүкіл популяцияның 80%) қырылып қалған еді. Қазір киіктердің санын басқару мақсатында, ғылыми биологиялық негіздеме әзірленіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша киіктердің санын реттеу мәселесі бойынша шешім қабылданады, – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.

ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті НҚА (нормативтік құқықтық актілер) ашық деректер порталында киіктің дериватын жинауға бұйрық жобасын жариялады. Бұл бұйрық жобасы табиғи өліммен өлген киіктердің дериваттарын жинауға бағытталған.

Алайда, комитет бұйрықтың бұл жобасын пысықтау үшін Ашық НҚА-дан қайтарып алды.