Қазақстан Түркияға 1 миллион доллар жіберді
Қазақстан Түркияға 1 миллион доллар қаражат шұғыл көмек ретінде жіберді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап KazFace.kz.
Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін тағы қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр.
Ал, әлеуметтік желіде қоғам белсенділері зардап шеккен азаматтарды азық-түлік, керекті заттармен қамтамасыз ету үшін қайырымдылық науқандарын ұйымдастыруда. Тіпті, Түркияға "100 киіз үй" науқаны арқылы киіз үй жеткізу жоспарлауда.
Зілзаладан үйлері қирап қалған халық ашық далада отыр. Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй - шошынып отырған бұқараға психикалық қатерсіздік көңіл күй сыйлар еді, - дейді "100 киіз үй" науқанын бастаған журналист Нұрбек Бекбау.
Сонымен қоса, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке құтқарушылардың тағы бір бортын жіберуге тапсырма берді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Ресми мәліметке сәйкес, екінші эшелонның құрамына 60 маман енді. Олардың ішінде құтқарушылар, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен кинологтар бар.
Осылайша, Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылатын қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамға жетеді. Құтқарушылардың екінші тобы апаттық-құтқару құралдармен бірге дәрі-дәрмектің 160-тан астам түрін алып барады.
Айта кетері, бұған дейін қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына барды. Оларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске берілді.