Қазақстан – ескірген автомобильдер елі
Жыл басынан бері шетелдік көліктердің қатысуымен 900-ге таяу жол апаты тіркелді.
Еnergyprom.kz мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-тамыз арасында ресми дилерлер 73,4 мың жаңа жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника сатқан. Көрсеткіш былтырғы кезеңнен бірден 39%-ға артқан, деп жазады inbusiness.kz.
Жаңа техниканы сатудың басым бөлігі отандық өндіріс автомобильдеріне тиесілі. 2020 жылдың қорытындысына сай, қазақстандық автомашиналардың сатудағы үлесі 73% болды. Импорт – 27%. Бірақ 2021 жылы Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының бағалауы бойынша, отандық автоөнеркәсіптің үлесі – 80%.
Жаңа жеңіл автомобильдер сатуда 2019 жылға дейін "шетелдіктер" басым болып келген.
Елдің автоөнеркәсібі қолдап отырған жаңа автокөліктерді сату пайызы өссе де, Қазақстан, өкінішке қарай, "автохлам" нарығы болып қалып отыр. Мәселен, биылғы тамыздың қорытындысына сай, елде тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3,8 млн, бірақ бұл былтырғыдан 1,3%-ға аз. Шығарылғанына 10 жылдан асып кеткен автомобильдер елдегі барлық автопарктің 63,7%-ын алып тұр. Саны – 2,4 млн. Ал шығарылғанына 3-10 жыл болған автомобильдер парктің 21,5%-ына тең (827,3 мың). Шығарылғанына 3 жыл толмаған автомобильдердің үлесі жылына 11,3%-дан 13,1%-ға дейін немесе 502,8 мың "темір тұлпарға" дейін ұлғайған.
Дегенмен жергілікті "қария" көліктерден басқа, ЕАЭО елдерінің тіркелмеген жеңіл автомобильдері де аз емес. Былтыр жыл басында олардың саны 200 мыңға жетті.
Еске саламыз, Қазақстан азаматтары ҚР мен ЕАЭО аумағы бойынша Беларусь пен Ресейдің көлік құралдарында уақытша әкелу мерзімдерін есепке алмай сенімхат бойынша жүре алады. Ал Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көлік құралдарын, олар шетелдіктерге жатпаса да, сенімхат бойынша басқаруға рұқсат жоқ.
Тіркелмеген автомобильдер статистикаға енбейді, олардың жылы ескі және полицияның ақпаратына сай, жолдарда қауіп төндіруі мүмкін. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында шетелдік автокөліктердің қатысуымен 879 жол көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Liter.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеп. Жол апаттарында 170 адам қайтыс болып, 1 162 адам жарақат алған.