Қаржы пирамидасынан 20 млн теңгесін қайтара алмаған әйел өзін-өзі өртеп жіберді
Оқиға Алматыда тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
Үрейлі видеоны әлеуметтік желіде белгілі журналист Ерқанат Көпжасарұлы бөлісті. Оның жазуынша, оқиға бүгін, яғни 11 сәуірде тіркелген.
«Мудараба Капиталға 20 миллион теңге салған әйел өзін өртеп жіберді. Ашынғаннан шығады ащы дауысым деген осы», - деп жазады ол.
Әзірге қалалық полиция департаменті аталмыш оқиғаға байланысты ешқандай ақпарат таратқан жоқ.
Mudarabah Capital қаржы пирамидасының басшысы Руслан Бурханов былтыр қазан айында ұсталған еді.
Astex.kz ЖШС, ACD Technology ЖШС, MUDARABAH Capital ЖШС – Қазақстанның қаржы пирамидалары желісінің бөлігі. Компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін инвестициялық қызмет түрімен азаматтармен шарттар жасасқан. Басшылар азаматтарға ай сайын салым сомасының 20% төлеуге уәде берген.
Жұрт бүгін де ақшасын ала алмай жүрген Mudarabah Capital компаниясын вайнерлер бір кездері жарнамалаған болатын. Олардың қатарында Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов болған.